Баланы балабақшаға, тәрбиешілерге үйрету үшін, алғашқы кездері баланы тек балалармен серуендеуге әкеліп, одан соң жарты күн, кейін күндізгі ұйқыға қалдыру қажет. Бұл жағдайға балабақша әкімшілігі түсіністікпен қараса, барлық жағдайда балаңыздың қажеттілігі ескерілетіндігін білдіреді.
Балабақшаға бейімделу – бұл баланың балабақшаға үйрену мерзімі. Бұл мерзімде балада үйден кеткісі келмеу, балабақша талаптарына қарсылық білдіру, қықырлық көрсету, ызалану немесе тұйықтық, балабақша қызметкерімен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту әсерлері байқалады. Сонымен бірге ата-анамен қоштасу кезінде анасының қолын жібермей жылаған бала, анасы кеткен соң тәртібі өзгереді- бала тынышталып анасы туралы есіне алмайды.
Бұл неге көрініс табады? Бұл бала бойындағы үйден алыс кетіп, жаңа ортаға, үйреніспеген жағдайға түсуге күйзеліс әсері: Балабақшаға бейімделу кезеңі баланы күйзеліске ұшыратуы мүмкін, өйткені бала өмірінде көп жағдай өзгереді. Оған қарым-қатынас түрі, бала құқығы өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады. «Жалғыз және қайталанбас» баладан «көптің бірі» болуға үйрену оңай емес, бұған уақыт және баланың жоғары бейімделу қабілеті керек. Шартты түрде бұл кезең 2-3 айға ұласады, бірақ әр баланың жеке дара ерекшеліктеріне байланысты бейімделу кезеңі 2-3 аптадан кейін басталуы да мүмкін.
Бұл кезеңнің аяқталу белгісі: баланың жағдайының, көңіл-күйінің тұрақтануы болып табылады. Балалар жаңа ережелерге, бір-бірімен сыйластыққа үйренеді.
«Балапан» тобының тәрбиешісі: Жанатай Райгүл Сағатқызы