Эстетикалық тәрбиенің жарқын құралдарының бірі – музыка. Осы маңызды міндетті орындау үшін балада жалпы музыкалық қабілетті дамыту керек. Ал жалпы музыкалық қабілеттің негізгі белгілері қандай?
Музыкалық қабілеттің бірінші белгісі – музыкалық шығарманың сипатын сезіну, естігеніне бірге қуану не күйіну, эмоциялық әсерін көрсету, музыкалық образды түсіну қабілеті.
Музыка бүлдіршінді толғандырады, қабылдаушылық қабілетін оятады, өмір құбылыстарымен таныстырады, оларды бір-бірімен салыстырған ой туғызады. Марштың ырғақты әуені оның көңіл-күйін қуанышты, көтеріңкі етсе, ал бесік жырытәуені мұңайтады, жабырқатады. Мысалы ретінде алатын болсақ, бір баланың теледидар арқылы орындап тұрған мұңды әнді естігенде: «Ағай өз қайғысыс жайында ән айтып тұр» дегені бар,тол адамның ішкі тербеністерін бейнелеген әннің сарынын сезген.
Музыкалық қабілеттің екінші белгісі – тыңдау қабілеттілігі. Мысалы, балалар музыкалық дыбыстардың ең қарапайым қасиеттерін (рояль мен домбыра, тағы басқа аспаптардың жоғары және төмен тембрлік дыбыстарын) бір-бірімен салыстырады, музыкалық шығарманың ең қарапайым құрылымын (әннің бастамасын, қайырмасын) бір-бірінен айырады, бір-біріне қарама-қарсы көркем образдардың айқындылығын (өлең бастамасының биязы жұмсақ және созылыңқы сипаты мен қайырманың жігерлі тез сипатын) бастайды.
Музыкалық қабілеттің үшінші белгісі – музыкаға шығармашылық көзқарастың көрінісі. Бала музыканы тыңдап отырғанда, көркем обраазды әнді, ойынды, биді көз алдына елестете отырып, өзінше қабылдайды. Мәселен, бала сергек басып келе жатқан балаларға, маң-маң басқан аюға, үркек қоянға, т.б. тән бейнелі қимылды іздейді. Таныс би қимылдары жаңа құрылымдар мен түрлерде қолданылады. Балалар қарапайым әуендерді ойдан шығарып айта береді.
Музыкаға жалпы бейімдеушіліктің дамуына қарай балалардың музыкаға деген эмоциялық көзқарасы қалыптасып, есту қабілеті жетіле түседі, шығармашылық елестету сезімі пайда болады. Балалардың эмоциялық-образдық мазмұны әр түрлі шығармалармен таныстыра отырып, біз оларды қосыла әсерленуге баулимыз.
Отан туралы, туған ел туралы әндер Отанымызға деген сүйіспеншілік сезімдерін туғызады. Түрлі халықтардың жеке және хормен айтылатын әндері мен билері олардың әдет-ғұрыптарын білуге ынталандырады, полимәдениетті тұлға қалыптастырады. Музыканы қабылдағанда туатын алуан түрлі сезімдер балалардың тербеністерін, олардың рухани дүниесін байытады.