19.03.2026
«Алтын дән» балабақшасында «Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – 18 наурыз Ұлттық киім күніне орай өткізілген «Ұлттық киім – асыл мұра» атты сән фестивалі.
Аталған фестивальдің негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшелігін насихаттау, олардың тарихи және мәдени маңызын ұғындыру, сондай-ақ педагогтардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Іс-шараға балабақша педагогтары белсене қатысып, әрқайсысы өз қолдарынан ою-өрнектерін тігіп, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілікке таныстырды. Ұлттық ою-өрнектермен әсемделген көйлектер, камзолдар мен заманауи үлгідегі ұлттық киімдер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Фестиваль барысында қатысушылар өз туындыларын сахнада таныстырып, киімнің ерекшелігі, қолданылған материалдар мен оюлардың мән-мағынасы туралы мазмұнды ақпарат берді. Бұл өз кезегінде көрермендердің ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыра түсті.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше сән-салтанатпен өтті. Қатысушылардың еңбегі әділ бағаланып, нәтижесінде үздік деп танылған педагогтар І, ІІ, ІІІ орындармен марапатталды.
Аталған фестиваль ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, салт-дәстүрді дәріптеуге және ұжым арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға зор үлес қосты.
«Ұлттық киім – асыл мұра» сән фестивалі – ұлттық рухты көтеретін, мәдени мұраны ұлықтайтын маңызды іс-шаралардың бірі болды.