Қазан айының 18-21 күндері аралығында балабақшамызда «Алтын күзге» арналған мерекелік ертеңгіліктер өтті. Мақсаты: Балалардың жыл мезгілдері туралы түсініктерін молайтуға, табиғат құбылыстарының ерекшеліктерін біле түсуге, «Күз береке» тақырыбына сәйкес, өлең тақпақтарын мәнерлі, мазмұнды айта білуге үйрету. Көп алдында өздерін ұқыпты ұстауға, өзін де, өзгені де құрметтеуге тәрбиелеу.
Оған балғындармен бірге ата-аналар қауымы да қатысты. Аталмыш мерекеге балалар үлкен дайындықпен келіпті. Кейбірі ән салып, би билесе, енді біреулері жеміс-жидектер туралы мақал-мәтелдер айтып, өлеңдер оқып, мерекенің мазмұнын аша түсті. Кішкентай бүлдіршіндердің өнеріне ата-аналар қауымы тәнті болды. Олар жүздері бал-бұл жанған балғындардың қуанышына ортақтасып қана қоймай, өздері де бір сәт балалық шаққа саяхат жасап келгендей әсер алды.